Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Артем Резников жаттығу жиыны барысында Пхукетте жол-көлік оқиғасына тап болды.
Sports24.kz порталына берген сұхбатында спортшы Банг Тао ауданында болған оқиғаның қалай өрбігенін баяндап, жергілікті полицияның күтпеген шешімін де атап өтті.
Резниковтың сөзінше, жағдай түзу жолда орын алған. Ол мотоциклмен көлікті басып озуға әрекет жасаған сәтте, алдыңғы көлік кенеттен оңға бұрылып кеткен. Абырой болғанда, қауіпті соқтығыс ауыр зардапқа әкелмей, спортшы тек жеңіл жарақаттармен шектелген.
«Мен басып озайын деп едім, сол кезде көлік аяқ астынан оңға бұрылды. Ондайды мүлде күтпедім — ол жерде қиылыс жоқ, қарапайым түзу жол. Тай полициясы екеумізді де кінәлі деп тапты: жүргізуші мен озған сәтте маневр жасаған, ал мен ол жерде басып озбауым керек екенмін — сары тұтас сызық бар дейді. Мен “ол жерде ондай сызық жоқ қой” десем, олар “бұрын болған, қазір өшіп кеткен” деп жауап берді. Соңында әркім өз көлігін өзі жөндейді деп шешті. Жүргізушімен де көп сөйлескен жоқпыз», — деді ол.

