Қазақстандық танымал UFC жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтің жары Гүлайым жеке өмірлеріне қатысты маңызды жайттарды бөлісті. Ол YouTube желісіндегі Руслан Өтепбай жүргізетін арнаға берген сұхбатында олардың арасында неке келісімшарты жасалғанын айтты.
Гүлайымның айтуынша, 2025 жылдың наурыз айында отбасы Дубай қаласында демалып жүрген. Ал сәуір айында Шавкат неке келісімшарты туралы әңгіме қозғаған.
Бастапқыда ол бұл ұсынысты әзіл ретінде қабылдағанын жасырмайды:
«Мен күліп, аса мән бермедім. “Менде ештеңе жоқ қой. Ең болмаса тұрып жатқан үйді менің атымa жаз немесе бизнес ашып бер, сонда келісімшартқа қол қоямын. Менен қорқасың ба? Егер солай болса, неге бірге тұрып жатырсың?” дедім», – дейді ол.
Дегенмен уақыт өте келе Гүлайым бұл ұсыныстың астарында басқа да себептер болуы мүмкін екенін ойлаған. Оның пікірінше, мұндай мәселе кез келген отбасында туындауы ықтимал:
«Мүмкін, оның анасы не бауырларымен “ертең ажырасса, мүлікке талас бола ма?” деген әңгімелер болған шығар. Егер Шавкат мені тек дүние үшін бірге деп ойласа, онда келісімшартқа қол қойған дұрыс деп шештім», – дейді ол.
Келісімшарт шарттарына сәйкес, ажырасқан жағдайда әркім өз атына тіркелген мүлікпен ғана қалады.
«Қазір менің атымда тек жол апатына түскен көлік қана бар», – деп нақтылады Гүлайым.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылдың наурыз айында Гүлайым Шавкат Рахмоновпен ажырасатынын мәлімдеп, спортшыны балаларынан бас тартты деп айыптаған болатын.