Қарағандыда бес жылға жуық халықаралық іздеуде жүрген ер адам ерекше жасырын орында ұсталды. Ол ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінген.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 43 жастағы күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталып, ұсталған. Арнайы операция Қарағанды қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде жүргізілген.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары әдеттен тыс жасырын орынды байқайды. Үйдің ішіндегі ваннаның төменгі бөлігінде кішкентай есік болған. Алғашында бұл жай ғана шағын қойма немесе құпия орын шығар деп болжанған. Алайда есіктің ар жағында тар өткел арқылы өтетін жасырын жертөле бары анықталған. Бұл жерге тек еңбектеп кіруге болады, себебі кіреберісінің биіктігі мен ені шамамен жарты метр ғана.
Жертөленің іші толыққанды өмір сүруге бейімделген болып шықты. Онда төсек-орын, тұрмысқа қажетті заттар орналастырылған. Яғни, күдікті ұзақ уақыт бойы ешкімге байқалмай дәл осы жерде жасырынып жүрген. Сырт көзге қарағанда, бұл жай ғана қарапайым ванна секілді көрінгенімен, оның артында арнайы жасалған құпия паналау орны болған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып жүру үшін алдын ала мұқият дайындалып, түрлі жасырыну тәсілдерін қолданған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол қала тұрғынын қорқыту арқылы 117 миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.