«БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына Үндістанның бітімгерлік контингенті құрамында қатысқан қазақстандық әскерилер елге оралды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлайды.
«БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысып жатқан Үндістан Қарулы күштерінің бітімгерлік контингенті құрамындағы қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы жүргізілді», — делінген мәліметте.
Бүгін Алматы халықаралық әуежайында Таяу Шығыс еліндегі миссияны аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты. Олар БҰҰ мандаты аясында жаяу және мобильді патрульдеуді жүзеге асырды. Жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырумен айналысты. Үнді контингентімен бірге басқа да міндеттерді орындады.
«Ливанда біз үнді батальонының құрамында болдық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Шығыс секторының қолбасшысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоғары бағалады», – деп атап өтті бітімгерлік топтың командирі аға лейтенант Темірлан Күмісбеков.
Мәлім етілгендей, таяу уақытта елге оралған бітімгерлер санаторлық-курорттық емделуге жіберіледі. Содан кейін олар тұрақты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға қайта кіріседі.
Айта кетейік, бүгінге дейін Үндістан бітімгерлік контингентінің құрамында 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Ливандағы миссияны орындауға қатысты.