Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, жастарды жеңілдетілген несиелендіру ісінде сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, аталған басқармамен тапсырыс шарты түзілген екен. Бұл несие жастардің кәсіп бастауы мен қолданыстағы бизнесін кеңейту мақсатында беріледі. Жастардың бизнес-жобасын бағымдайтын комиссия өкілі Мырзахмет Снабаев жастардың бизнес-жобасында шағын өндіріс орындарын көптеп ашса, деген ұсынысын жеткізді.
–Үлкен бизнес шағын кәсіптен басталады. Біздің жастар шағын өндіріс орындарын ашса екен. Мәселен, Еуропа мен Қытайда 5-6 адамнан құралған шағын өндіріс орындары көп. Біздің жастар да осы бағытқа бет бұрып, болашақта отандық өнім шығаратын алып компаниялардың негізін қалайтынына мол сеніммен қараймыз. Елімізде осылайша импортқа тәуелділіктен арылып, экспорттың көлемі артар еді. Президенттің тапсырмасымен 2,5 пайыздық несие бағдарламасы елімізде алғаш рет қолға алынған. Әйтсе де, біз жұмыс істеймін, кәсібімді дөңгелетемін деген жалындаған жастың бетін қайтармауға тырысып жатырмыз. Жәй «бір көрейінші» дейтін жастар мен «еңбектенем» деген жастың мақсаты оның жасаған бизнес-жобасы мен таңдаған бағытына қатысты қойылған сұраққа жауап беруінен-ақ айқын білінеді. Солардың ішінен өз ісінің білгірі, іскер, мақсаты айқан болған жас кәсіпкерлерді саралап, несие алуын мақұлдап жатырмыз, – дейді Мырзахмет Сыпабекұлы.
Көзі қырағы, әр саланың білікті мамандарынан құралған комиссияға бизнес-жоспарын таныстырып, оның шынайылығы мен өміршеңдігін дәлелдеу жастарға да оңай соқпағаны анық. Ал, өзі ісінің нағыз білгірі үшін комиссия алдында жобасын қорғау түк емес. Комиссия алдына өз жобасымен келген шымкенттік Жанна Әдиева 2019 жылы мемлекеттен 400 АӘК көлемінде қайтарымсыз грант алып, омартамен айналысқан. Жастайынан ауылда жылқы баптап өскен жас кәсіпкер енді мал шаруашылығын жандандыруды көздейді.
–Бұған дейін мемлекеттің қаржысына өз кәсібімді ашып, бал сатумен айналыстым. Осы сауда арқылы өзімізді жұмыспен қамтып, жағдайымызды түзеп алдық. Енді үлкен мақсат қойып, жылқы шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бал саудасынан түскен пайдаға 81 шаршы метр қора-жай салып, жылқыға қажетті орынды әзірледік. Бүгін комиссияға мал шаруашылығы бойынша өз бизнес-жобамды ұсындым. Жоба 12 жылқыға лайықталған. Алғашында бордақылаумен айналыссақ, алдағы жылы бие байлап, саумал саууды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұршуақ шағын ауданының тұрғыны Ж.Әдиева.