Президент Қ.Тоқаев түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда «Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында тұратын Өркен Әбдіреев ақсақалды танымайтын адам кемде-кем шығар. Бүгінде тоқсанды алқымдағанына қарамай, қаланың дамуы мен көріктенуіне белсенді үлес қосып жүрген ардагер.
Өркен Әбдірейімұлы – қаладағы Жібек жолы көшесіндегі 125 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің үй басқарушысы. Жастайынан тылда еңбек еткен кейіпкеріміз бейбіт заманда да бір сәт бос отырғанды құп көрмейді. Көппәтерлі үй тұрғындарының талап-тілегін аудан әкімдігі, одан қалса қала әкіміне жеткізіп, аулаларды абаттандыру, қолайлы орта жасауда күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген арда азамат.
–1935 жылдың 12 маусымында дүниеге келіппін. Әкем соғысқа аттанған соң анам екеуіміз нағашы атамның үйіне көшіп келдік. Сұрапыл соғыс талайдың өмірін қиғаны секілді бізді балалығымыздан айырды. Асыр салып ойнау жоқ, 1943-1945 жылдары үлкендермен бірдей колхоздың астығын өгіз арбамен станцияға тасыдық. Алайда, білімге деген құштарлығымнан кез келген қиындыққа қарамай, мектепте үздік оқыппын. Қанша рет мектеп ауыстырғаным есімде жоқ, 1953 жылы мектепті Шымкент қаласында бітірдім, – деп өткенін еске алды.
Мектепті бітірген жылы Ө.Әбдіреев Ташкент қаласындағы тоқыма институтына түсіп, 1958 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтапты. Жас маманды Арал ауданындағы мақта зауытқа өндіріс меңгерушісі қызметіне жолдайды. Екі жыл өтіп зауыттағы табысты еңбегінің арқасында 1961 жылы Жетісай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.
–1964 жалдан бастап Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы былғары кендір комбинатында 12 жыл директор қызметінде болдым. Мені сонда жіберген кезде алғашында қорқыныш болды. Зауыттың жұмысымен таныса келе, ондағы техникалардың тозғаны, тері илегенде одан шығатын иіске төзіп болмасына көзім жетіп, ең алдымен жабдықтарды жаңалауға кірістім. Жоғары жаққа жиі хат жазып, бізге жаңа қондырғы қажет екенін түсіндіріп, нәтижесінде комбинаттың құрылғылары жаңарып, өнімділік екі есеге артты. Ал, 1976 жылы Шымкент қаласындағы мақта зауытында мақтаны дүниежүзіне тарату бөлімінің басшысы қызметін атқардым,- дейді ардагер.
Еңбекті ту еткен ардагер зейнетке шыққаннан бері Жібек жолындағы №43 үйдің төрағасы міндетін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ауланы асфальттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, тазалықты сақтау, әсіресі 125 пәтердің жылу құбырын жаңасына түгелдей ауыстыруға атсалысқан.
«Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады» дейді. Еңбегімен елге танылған, тәрбиесінде тағылым, ақылында даналық жатқан көпті көрген, асыл ардагеріміз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына сүйеу, жұртына қамқор боп, жүзінен қуаныш пен күлкі кетпей, аман-сау күн кешкей.