Шымкенттік жас кәсіпкер Дінмұхаммед Күмісбек небәрі 22 жасында 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер есік, тапсырыспен баспалдақ және жиһаз дайындайтын шеберхана ашқан. Жұмысшылардың жалақылары істеген жұмыс көлеміне қарай орташа есеппен айына 250 мың теңгеден асады. Кәсіпкердің айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық.
Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы Ұлттық Құрылтайда жастарды кәсіпкерлікке баулуды айтқан болатын. «Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз», деген еді.
Осы орайда іскер жігітке жаңа мүмкіндіктерді ашуда жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегі тиген. Дінмұхаммед Күмісбек 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Тауарларын әлеуметтік желі парақшасы мен дүкен арқылы сатылымға шығаруда. Қазірдің өзінде тұрақты сатып алушылары бар.
Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 278 құжат қаралып, 129 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 85 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін жүргізуде.
Жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау әлі де жалғасуда. Мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады.