Соңғы жылдары синтетикалық есірткі мәселесінде мамандар дабыл қағуда. Ұлттың болмысы мен саулығы үшін ең қауіпті тәуелділікті болдырмау үшін Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар жоспары бекітілген. Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары ұдайы түрде сауда нүктелерінде есірткі және нашақорлықтың алдын алу бойынша ескерту жұмыстарын жүргізіп келеді.
Аталған іс-шара барысында олар бұл жолы «Рахима Плаза» сауда үйінде түсіндіру амалдарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге ол бойынша арнайы дайындалған ақпараттық жадынамалар таратылуда.
Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда «Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр» деген болатын.
Мамандардың айтуынша синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болады. Өкініштісі, есірткі сатушылары өз өнімін өткізу үшін буыны бекімеген, психологиясы жетілмеген жастарды таңдайды. Осы ретте, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысына мұқият болуы керек. Өйткені бұл жолға түскен жастың мінез-құлқында өзгерістер орын ала бастайды. Тамаққа тәбеті жоғалып, қысқа уақыттың ішінде 10-20 келі салмақ жоғалтады. Түнде ұйқысы қашып, денесіне жазылмайтын жаралар шығады. Көбіне ата-аналар балаларында есірткіге деген тәуелділік шарықтау шегіне жеткенде ғана бір-ақ біледі. Алғашында білсе де, дәрігерге апармай елден жасыруға тырысады. Оның салдары қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. Сондықтан ата-аналар балаға көбірек көңіл бөліп, сырласып, мейірім беруі керек. Бала өзіндегі мәселені үлкендерге айта алса, оның бұл жолдан шығуына мүмкіндік бар. Синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді, деп дабыл қағуда.