Былтырдан бері биогумус өндіруге ынта танытып, содан бері минералды тыңайтқыштан да пайда көзін тапты.
Шымкент қаласында жастардың кәсіппен айналысып, өзі қатар замандастарына жұмыс орындарын құру үшін мемлекет тарапынан қолдаулар мен жеңілдетілген несие беру ісі қолға алынған. Жас буынның кәсіпкерлігі жайында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз» деген еді.
Бүгінде үшінші мегаполисте өз кәсібін бастап, шаһардың агломерациясының дамуына үлес қосып отырған жастар бар. Шымкенттік Мұрат Сенбай осындай жас өреннің бірі. Кейіпкеріміз Асар шағынауданында тұрады. Көпшілікке белгілі бұл аумаққа салынған жылыжайлар агроқұрылымды дамытуға таптырмайтын жер.
Мұрат өз отбасысымен Шымкентке көшіп келгенінде небәрі 12 жаста еді. Міне, арадан 13 жыл өтіп, жас кейіпкеріміз есейіп, өз кәсібін дөңгелетуге көшкен. Қазір ол ауласының алдындағы жылыжай арқылы нәпақасын тауып отыр. Мұнан бөлек былтырдан бері биогумус өндіруге ынта танытып, содан бері минералды тыңайтқыштан да пайда көзін тапты. Жылыжайдағы қияр мен қызанақтан басқа, бау-бақшасына алманың ең жемісті сорттарын егіп, оны да нарыққа шығарып жатыр.
Сонымен, үш сотық жердегі жылыжайдан жыл сайын 4-5 тоннадан аса өнім алатын кәсіпкер бұл күніне дән риза. Қияр пен алманы, минералды тыңайтқыштарды жергілікті нарыққа саудалап отыр.