Биыл қалада 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен арнайы жиында жекеменшік мектептердегі оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі қаралды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік таратқан хабарламада қала прокуроры Ғабит Мұқанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қала бойынша департаментінің басшысы Д.Ерғариннің қатысуымен өткен басқосуда ыстық тамақ беруді тиімді ұйымдастыру тетіктері мен осы бағыттағы өзекті мәселелер пысықталып, оңтайлы шешу жолдары талқыланды.
Биыл үшінші мегаполисте 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған болса, оның 80 мыңнан астамы -1-4 сынып оқушылары. Қалған 53 893 оқушы — атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының балалары. Өткен 2022 жылы қала мектептерінде бастауыш мектеп оқушыларына түгел ыстық тамақ берілген болатын. Жалпы қамтылған оқушылар саны — 133 758 құрап отыр. Білім басқармасы тарапынан бұл мақсатқа 12,8 млн.теңге жұмсалыпты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл елімізде 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге.
Қала аумағында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында құқық қорғау органдары, білім саласы, ата-аналар комитеті өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған. Келесі аптада жұмыс тобының қорытындысы арнайы жиында талқыланатын болады.