Бүгін Шымкент қаласында «Жаңа өмір» жобасы аясында өткен шағын футболдан пробация есебіндегі жастар арасындағы турнир мәресіне жетті.
Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен өткен турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімінде аталған басқарма басшысының орынбасары Серғазы Әбілхайыров сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғыс айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі жарыс соның бір көрініс деуга болады.
«Аламан» спорт алаңында өткен жарыста Әл-Фараби ауданының командасы үшінші, Қаратау ауданының командасы екінші орынды иеленді. Ал, Абай ауданы командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Турнирде көзге түскен үздік ойыншылар мен командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы пробация есебіндегі жастарға жеке психологиялық қабылдау өткізіп келеді.
Психологиялық көмек көрсетудің мақсаты — бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттыру, жаңа қоғамдағы адамгершілік, патриотизм сезімдерін дамыту.
Психологиялық жеке қабылдау Шымкент қаласы бойынша КАЖ департаменті және Шымкент қалалық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтары арасында жүргізілді. 35 жасқа дейінгі жастармен жеке-жеке сұхбат жүргізіліп, кері байланыс орнатылды.