Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе отыра, Республика даңғылы бойындағы сауда нүктелерінде есірткі заттарын насихаттаудың және жарнамалаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ақпараттық түсіндірме жұмыстарында сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны атап көрсетілді.
Жауапты мамандар аймақ кәсіпкерлеріне жүгініп, адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қызылорда қаласының Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері жастармен жүйелі жұмыс күшін жандандыру мен дамыту мақсатында өзара тәжірибе алмасты. Екі жақты кездесу барысында өңірлерде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен жастар саясатын жүзеге асыру, жастар арасында нашақорлық, лудомания бағытында қолға алынған жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
Шымкент қаласына арнайы ат басын бұрған меймандар Қызылорда қаласындағы ауқымды жобалар мен тың жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ, Кәсіби техникалық және кәсіптік мамандықтарға арналған жоба жөнінде бөлісіп, нәтижесін жеткізді.
«Лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды» әзірлеу мен іске асыру жөнінде 4 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Екі жақты кездесу барысында жастар арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін шешу жолында бірқатар ұсыныстар тақыланып, ортаға салынды.