Қазақстан Республикасының Үкіметі Шымкент қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Шымкент қаласының алдағы 10 жылға арналған бас жоспары оңай бекітіле салған жоқ. Қайта әзірлеп дайындауға, мүмкіндіктерді қарастырып оңтайлы жағын ойластыруға кем дегенде екі жыл уақыт кетті. Қоғамдық талқылаудан екі рет өтіп, кем-кетік тұстары реттелді. Халық айтқан ұсыныстар мен өтініштер ескерілді. Кешенді қала құрылысы сараптамасы жасалынды. Әбден електен өтккен соң ғана бас жоспар бекітілді.
Жобалау жұмыстарын Град комплекс серіктестігі орындады. Мамандар бас жоспарды жасауда шаһардағы демографиялық өсімге мән берген.
Қала шекарасы өзгеріссіз қалды. Дегенмен мегаполис аудандары политцентрлік моделімен дамиды. Әр бір аудан орталықтары жаңа жайлы тұрғын үй кешендерімен салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған инфрақұрылыммен, әкімшілік және кәсіпкерлік нысандармен қоғамдық тамақтандыру нысандарымен толығады деп жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес жаңадан Құрсай және Сауран орталықтары құрылады.
Өнімділікті арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын жақсартуды, отандық тауарларды шетел нарықтарына шығаруды қолдауды, қолданыстағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру аясында тиісті инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ететін тиімді өнеркәсіп, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда саясатын жүргізу арқылы қала экономикасының салаларын дамыту жалғаспақ.
Еліміздің ірі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірін кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа өндіріс аймақтары, айналма темір жол тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылмақ. Сондай-ақ мегаполисті жаппай көгалдандыру жоспарланған.