«1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы декларация жарияланған кезде әркім көрпені өзіне қарай тартуға тырысты». «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, Денсаулық сақтау саласының ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан егемендігі туралы декларация жарияланған кезде Болат Жанәділов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымындағы 360 депутаттың бірі болған. Мемлекеттікті анықтайтын, мемлекеттікті білдіретін құжаттардың бәрін сол кезде осы ХІІ шарылымның депутаттары қабылдаған.
«Ең бірінші қабылдаған құжатымыз – 1990 жылғы Егемендік туралы декларация, одан кейінгі – Конституциялық күші бар Тәуелсіздік заңы. Бөркімізді аспанға атып, егемен ел боламыз деп қуанып жатқанымызда, 12 депутат Егемендік декларациясына қарсы дауыс берді. «Біз не істейміз? Бізге тәуелсіздік не үшін керек? Қайда барамыз?» — десті. Олар басқа ұлт өкілдері еді. Біз оларға: «Отан біреу, ол – Қазақстан!» — деп түсіндірдік. Сол сияқты заң қабылдаған кезде де әртүрлі пікірталастар болып, бірден қабылдана қойған жоқ, әркім көрпені өзіне қарай тартуға тырысты. Сол кездегі біздің заңгерлердің еңбегі ерен. Салық Зиманов, Сартай Сұлтанов, Нағашыбай Шәйкенов, Зинаида Федотова секілді азаматтар заңдарды қабылдау кезінде күн-түн демей, бізбен жұмыс істеді», — деп еске алады Болат Жанәділов.
Егемендік туралы декларация қабылданғаннан бергі 33 жыл – тарих тұрғысынан алғанда өте аз уақыт. Бірақ, біздің еліміз үшін осы жылдар өте зор жетістіктер мен табыстарға толы, ел дамуына елеулі де оңтайлы өзгерістер әкелген алтын кезең болып саналады.
«Бүгінде республикамыздың барлық аймағында әлеуметтік-экономикалық жағынан бүкіл жағдай қарастырылып жатыр. Құрылыс, медицина, білім, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары жақсарып, дамып келеді. Көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, егде адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатыр. Жалпы, республикада болып жатқан оңтайлы өзгерістердің барлығы – егемендігіміздің арқасы. Медицина саласына тоқталсам, елорда төрінде көптеген орталық салынды. «Ана мен бала», жүрек, нейрохирургия орталықтары ашылды. Оларда жаңа технологиялар мен әдістер қолданылады, шетел ғалымдарымен тәжірибе алмасу бар. Жүрекке ота жасаудан қазір Қазақстан алдыңғы қатарлы елдердің сапында. Адамның өмірін сақтап қалу қандай ғанибет десеңізші?! Бүгінде жүрек орталықтары әрбір облыста ашылған. Бұл – зор жетістік. Дегенмен, бұл салада шешілмеген түйткілді мәселелер де жетерлік. Алғашқы көмек көрсету әлі де болса зор қолдауды талап етеді. Ел халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрса, олардың дер кезінде көмек алулары үшін жағдай жасалуы керек», — деп толықтырды Болат Жанәділов.
Айтуынша, бүгінгі тәуелсіздігімізге жол ашқан Егемендік туралы декларация жайында таңды таңға ұрып, көп айта беруге болады. Тәуелсіздік бізге оңай келмеді және біреу сыйға тартқан жоқ. Тәуелсіздікті алғаннан да, оны ұстап қалу қиын.
«Бабалардың қанымен, жанымен, бертінгі Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың өрлігімен, ерлігімен келген егемендіктің тұғырлы болып сақталып қалуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы соған қызмет етуі қажет. Жай ғана қызмет атқарып қоймай, адал еңбектенуі керек. Сондықтан жастарға білім беріп қана қоймай, санасына тәлім мен тәрбиені, ұлттық болмысымызды сіңіруіміз қажет. Бізде талантты да білімді жас көп, соларға алдыңғы буынның еңбектері мен ерліктерін насихаттап, ұлттық идеологиямызды салт-дәстүрімізбен көрсетіп, бойларына дарытуға тиіспіз. Тәрбиесіз алған білім аса қауіпті. Жастар ана тілін білсе, тарихын таниды, тарихын оқыса, ұлтына жаны ашиды. Болашақ елдің тізгінін ұстайтын жастар білімді, тілін сүйетін, тарихын білетін ұрпақ болсын. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің іргесі бекем болады. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, босағасы берік, көшбасшылары адал, халқы пәтуалы болсын. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі мың жылдықтарға ұлассын», — деп түйіндеді Болат Жанәділов.