Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. «Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың алдында тұрған үлкен міндет» — деген болатын.
Қазіргі заманның жаһандық мәселесіне назар аудару және тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында есірткі заттарын пайдалануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Политехникалық колледжі және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде кездесу ұйымдастырылды.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық маманы Жүргенбаева Назира, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатор-наркологы Раушан Баймұрынова және Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндігі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков және Серғали Түркістан Аймақтық Қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестіруші Ержан Абуталиев қатысты.
Жиын барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. ЖИТС-тің адам өміріне тигізер кері әсерлері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетсек, Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы көшесі бойындағы сауда нүктелерінде есірткі заттарын насихаттаудың және жарнамалаудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны атап көрсетілді.
Жауапты мамандар аймақ кәсіпкерлеріне жүгініп, адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті.
1939 символ