Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған мектеп-гимназиясын аралады.
Үш тілде білім беретін гимназия – мегаполистегі ең үздік мектептердің бірі. Шәкірт санының артуына байланысты білім ғимаратының жанына қосымша оқу корпусы салынып, биыл қыркүйекте пайдалануға берілген. Заманауи талапқа сай салынған 1 100 орындық жаңа нысанда 68 сынып бөлмесі, 250 орындық акт залы, спорт зал және 320 орындық асхана қарастырылған.
Қала әкімі Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына қосымша ғимараттың пайда болуына орай туындаған жылу мәселесін тез арада шешуді тапсырып, нақты тапсырмалар берді. Ал, гимназияның ескі ғимаратын келесі жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті жұмыстарды жүргізуді қалалық білім басқармасының басшысына тапсырды.
Ташкент–Алматы бағытында Шымкент қаласын айналып өтетін негізгі магистральді А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. 31 шақырымды құрайтын аумақта құрылыс жұмысы 8 кезеңмен жүргізіледі.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков магистральдағы құрылыс жұмысының 7-кезеңімен танысты. Бұл кезең қала шекарасынан Бәйдібек би даңғылымен қиылысына дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы – 7,5 шақырым.
Бүгінде нысанда жер төсемін дайындау және ауыл шаруашылығына арналған арнайы көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезең жұмысының 20 пайызы атқарылған. Жоспарға сәйкес, келесі жылдың соңына дейін құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде заманауи талаптарға сай көлік ағынын өткізу мүмкіндігі жоғары болады деп күтілуде. Қала басшысы жауаптыларға құрылыс жұмысын сапалы атқаруды тапсырды.
1471 символ