Шымкент қаласында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарлама бойынша өткізілген конкурсқа 5 387 өтінім түскен. Оның ішінде 881 өтінімді өтінім беруші қайта қайтарып алған.
Барлық өтінім жұмыс күндері қарауға алынады. Еске салсақ, «Жастар» бағдарламасы балдық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Аталған конкурстың нәтижесі түскен өтінімдердің қаралу уақытына қарай ауқымдылығына байланысты анықталады.
«Жастар» бағдарламасына өтінім қабылдау 2023 жылдың 8 қараша күні сағат 9:00-ден 10 қараша күні сағат 19:00-ге дейін жүргізілді.
Жалпы, Шымкент қаласында биыл 9 айда 559 063 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мәлімдеген болатын.
–Жалпы биыл қала аумағында 1 миллион 74 мың 362 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға қабылдау жоспарланған. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 559 063 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 186 343 шаршы метрі жеке инвесторлардың есебінен салынған тұрғын үйлер болса, 42 100 шаршы метрі қалалық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынған үйлер. Сонымен қатар жеке сектордағы құрылыс есебінен 161 400 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданды, – дейді Н.Жүнісбеков.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы орган 9 компанияға үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат берген. Оған қоса бүгінде өткен жылы жергілікті атқарушы органнан рұқсат алған 23 құрылыс компаниясы және бірыңғай оператордан рұқсат алған 11 құрылыс компаниясы үлескерлердің қаражатын тарта отырып тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатыр.
1526 символ