Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков № 2 Оқушылар сарайына барып, аралап көрді. Қосымша білім беруді дамытуға арналған Оқушылар сарайы биыл шілде айында пайдалануға берілді. Балаларды қабылдау «Mindal24.kz» электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда.
Қазір мұнда 5 000-ға жуық бала тәлім алады. Олар 6 бағыт бойынша 65 үйірмемен қамтылған. 232 оқу кабинеті қарастырылған. Атап айтқанда: биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, химия мен робототехника, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, фото-видео монтаждау, драма, сенсорлық, лингвистика кабинеттері мен медиа-зал жұмыс істеп тұр.
Барлық үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қосымша футбол, баскетбол, волейбол алаңдары да бар. Негізгі басымдық ғылыми технологияны дамытуға беріліп отыр.
Қала әкімі үйірмелерді аралау барысында Оқушылар сарайының жауапты басшылық құрамына мемлекет берген мүлік пен ішіндегі құрал-жабдықтарды тоздырмай, күтіп ұстау қажеттігін баса айтты.
Қазаққа кәсіп керек, кәсіп мол табыс әкелу үшін негізі мықты білім керек деді. Әрқилы айтқанымен түпқазығы осы еді. Нұрсәт шағын ауданындағы №2 Оқушылар сарайы биотехнология үйірмесіндегі оқушылардың іс-әрекетін көріп, арада ғасыр өтсе де, ардақтыларымыз айтқан ойдың ешқашан құнын жоймайтынын тағы да, тағы да ұға түсесіз.
Бесінші, яки алтыншы сынып оқушы болу керек, медициналық лапароскоп құрылғысымен жасанды дене мүшесіне ота жасауда. Қан тамырларында ұсақ тастар жүреді. Уақытында үгіп немесе отамен алып тастамаса трамбоз болып, тамырды бітеп, қан жүрмей соңы ауыр қайғыға апарып жатады.
Робот құрастыру, түрлі кәсіпке бағдарлау бұларға түк емес. Әсіресе, 3Dмодельдеу зертханасының мүмкіндігі ғаламат. Ұстаз Кәдірбек Барысхан мұнда көлденең көк аттының келіп, білім алуға болатындығын жоққа шығарды. Балада осы ғылымға қабілеттілік болмаса бәрі бекер екен. Әлемдегі ең мықты мамандықтардың біріне саналатын осы кәсіпті игергендер мультимедия, анимация, кино саласына тез кірігіп, мықты маман бола алады.
Бұрындары аниматорлар мультфильмдегі адамның бас бұруының өзін ондаған қимылдарды салып беретін болса, 3D модельдеу үшін бұл шемішке шаққанмен бірдей. Тіпті, АҚШ сияқты мықты мемлекеттер мыңдаған құрылысшы салатын нысандарды модельлеулің көмегімен тұрғызуға көше бастапты. Міне, ғылымның, нано-технологияның жемісі.
2000 символ