Бүгінде Қайнарбұлақ елдімекенін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге 2 кезеңде атқарылып жатқан құрылыс қарқынын қадағалады. Бірінші кезеңде елдімекенге 233,4 шақырым құбыр тартылады. Қазір газ жүйелерінің 59%-ы жүргізілген. Өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам абонент, 2 мектеп, 2 клиника және балабақша көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Екінші кезеңдегі 206,7 шақырым газ құбыры 7 217 отбасын,9 мектеп, 3 клиника, 5 балабақшаны қамтиды. Аяқталу мерзімі — келесі жылдың ІII тоқсаны. Осыған дейін жұмыс көлемінің 46%-ы орындалған. Қала басшысы жауаптыларға халықтың қауіпсіздігі үшін құрылыс талаптарын сақтауды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды сапалы аяқтап, мерзімінде атқаруды тапсырды.
Шымкентте бесінші ауданның құрылуына байланысты қаладағы шалғай елді мекендерде инфрақұрылым жұмыстары жаңа леппен қарқын алды. Мәселен, бұрын Қаратау ауданына қарайтын Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы 2023 жылдың қаңтарынан бастап Абай ауданының құрамына енді. Қазіргі таңда Қайнарбұлақтың жолдарын жақсартып, көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 2 елді мекенде құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Ал Қайнарбұлақ саяжайының өзінде ресми дерек бойынша 32 мың халық қоныстанған. Саяжай негізінен жеке сектор болғандықтан 225 көшеде 7 144 үй орналасқан. Онда қазір 2 мектеп, 2 балабақша және 1 амбулаторлық емхана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Саяжайлықтар ауыз су және электр қуатымен толық қамтылған. Тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша өткен жылы жобалық-сметалық жұмыс жүргізіліп, жыл басынан бері газ құбырларын тарту жұмыстары басталып кетті. Аталған жобаға жергілікті бюджеттен 5,6 млрд. теңге қаржы қаралып, құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
–Қайнарбұлақтықтардың негізгі көтеріп жүрген мәселесі – сапалы жол болатын. Мұнда қазір 33 жол асфальтталған, 186 көшеге тас төселген, 7 топырақ жол бар. Өткен жылы саяжайдағы 6,9 шақырымдық 17 ішкі орамдық жол асфальтталса, биыл 7 көше, 2024 жылға 28 көше және 2025 жылы 27 көшеге асфальт төселіп, нәтижесінде елді мекендегі сапалы жолдар көрсеткіші 44,8 пайызға жетеді, — деді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.
2020 жылға дейін елді мекенде көшелер мүлдем жарықтандаралмаған еді. 2021 жылы әлеуметтік нысандар орналасқан Центральная көшесіне кешкі шамдар орнатылып, ел игілігін көрді. 2022 жылы үш көшеге шамдар орнатылып, 2025 жылғы жоспарға 10 көшені жарықтандыру кірген.
2000 символ