Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қайнарбұлақ елдімекеніндегі жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
«OtanAgro» ЖШС өнеркәсіптік нысанның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 700 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта жылына 380—500 тонна құлпынай өндіреді. Өнімді ішкі нарық айналымына және көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
Заманауи технологиямен салынып жатқан жылыжайа 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті елдімекен тұрғындарын қамту көзделген. Тамшылатып суғару жүйесі қалыптастырылған кешенде осы жылдың желтоқсан айында қызанақ пен қияр егілмек. Жемісін қаңтар-ақпан айларында алып, сатылымға шығарады. Отандық өнімнің бағасы қолжетімді болады.
Аталған жылыжайдың көлемі — 2 гектар. Алдағы уақытта аумағын тағы 2 гектарға ұлғайтып, екіншісін салу жоспарланған. Кешеннің инвестициялық құны шамамен 400—500 млн теңге болады. Жылыжайдың жай-күйімен танысқан қала әкімі отандық өнімді дамыта түсу керектігін алға тартып, әрдайым қолдайтынын жеткізді.
Соңғы кездері жылыжай шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Қазір қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерде жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа сатылуда.
Осы салаға маманданған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеңілдік те көбеймек. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде жылыжай шығынының 25 пайызы мемлекеттен төленеді. Одан бөлек төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге қолдау болып отыр. Сондай-ақ жылыжайға қажетті тыңайтқыштар мен тұқымдарына да субсидия қарастырылған.
Бүгінде еліміздің өзге өңірлері Шымкентті «жылыжайлар астанасы» деп атай бастапты. Оған шымкенттік өнімдердің барлық өңірлерде жылдың төрт мезгілінде де сатылып жатқаны да себеп болса керек. Қаладағы жылыжайлардың өнімдері бүгінде базар, дүкендерде самсап тұр және жыл бойы үзілген емес.
Сондай-ақ осы салаға маманданған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қалада «Агро-индустриалды аймақ құрылды. Қазіргі таңда жылыжайларға 32,3 млн теңгеге дейін тыңайтқыштардың құнын арзандату бойынша субсидия беріліп, мемлекеттік қолдаулар жүзеге асырылып жатыр.
2000 символ