Шымкент қаласында жоғары спорт жетістіктерін дамытуда жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Биыл он айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінен 602 алтын, 469 күміс, 539 қола медаль жеңіп (жалпы 1610 медаль) алды.
Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында қала спортшылары 87 алтын, 81 күміс және 69 қолаға қол жеткізді. Ал осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттарында 39 алтын, 43 күміс және 46 қола медальге ие болды. Қазіргі таңда 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Жерлестеріміз аталған сында 5 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдеге иелік етті. Азия ойындарын жарқын жеңіспен аяқтаған спортшыларымызды Шымкент әуежайынан және темір жол вокзалынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Каратэ, байдарка және каноэде есу, нысана көздеу, стенд атудан спортшыларымыз топ жарды.
Сондай-ақ, көркем гимнастикадан жерлестеріміз жекелей сында күміс және қола жүлделер иеленіп, тарихтың жаңа бетін ашты.
Жуырда қала әкімі Ғабаит Сыздықбеков XIX Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін марапаттаған болатын.
–Мемлекет басшысы елімізде спорттың дамуына айрықша назар аударып отыр. Мінекей, осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Кезекті Жазғы Азия ойындарында сіздер намысты қолдан бермей, биік белестерді бағындыруға деген құлшыныстарыңызды көрсеттіңіздер. Бұл ретте бапкерлердің еңбегі ерен. Қалада спорт инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады деп үміттенеміз.
40 спорт түрінен 45 мемлекет қатысқан дүбірлі бәсекеде ел спортшылары 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-ші орын алды. Алда әр спорт түрінде жеткен жетістіктер мен олқы тұстарымыз сарапқа салынады, талдау жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылғы Париж олимпиадасына да аз қалды. Енді ел споршылары Азия ойындарынан қорытынды шығарып, Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізеді.
ҚР Ұлттық құрамалары сапында 1111 спортшы және Шымкент қаласының құрама командасы сапында 3813 спортшы оқу-жаттығу жиындарына шақыртылған. 2023 жылға арналған республикалық іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сәйкес, жерлестеріміз халықаралық және республикалық деңгейдегі оқу-жаттығу жиындарында және рейтингтік жарыстарға қатысуда.
2000 символ