Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасымен аудандарды гүлдендіруге, абаттандыруға, балалардың ойын және спорт алаңшаларын орнатуға, шағын демалыс орындарын құруда көптеген игі істер атқарылды.
Әр аудан тұрғыны өзі тұратын аула немесе көшені дамытатын, қолайлы орта жасақтайтын жобаларын әкімдікке ұсынуға мүмкіндігі бар. Айталық, Абай ауданының тұрғындары биыл 23 жоба ұсынып, мұны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан 497,5 млн теңге қаражат қарастырылған.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы аудандағы Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе елді мекендерінде – 15 балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Ал, Асар, Достық, Қайнарбұлақта – 3 спорт алаңының құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, Қайнарбұлақ, Ақжайық, Самал-3 шағынауданында 5 көшеде ирригациялық арықтың құрылысы жүріп жатыр. Аудан әкімдігі келесі жылға тұрғындардың ұсынысы бойынша тағы 26 жобаны іске асыруды көздеп отыр.
Ауданның мобильді интернет желісімен қамтылуы – 95 пайыз. Қамту үлесін жоғарылату үшін 2023 жылы 9 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 87 мыңнан астам тұрғын жылдамдығы жоғары болған интернетке қол жеткізіп, көрсеткіш 98 пайызға жетті. Алдағы 2024 жылы Бозарық, Ақжайық, Қатынкөпір және Шұғыла шағынаудандарына мобильді операторлардың базалық станциялары орнатылса, қамту деңгейі 100 пайызға жетпек.
Елімізде Мемлекет басышысының Жарлығына сәйкес, аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесуі жаңа форматта жүзеге асып жатыр. Абай ауданының әкімі Б.Пармановтың айтуынша, бүгінде есеп берудің жаңа әдісі өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр екен.
–Осы жылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағынаудандарды аралап, азаматтармен кездестім. Кездесу барысында аудан тұрғындарынан жалпы 205 ұсыныс-пікір келіп түсті. Тұрғындардың жолдаған 80 мәселе орындалып, 65-і бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ал, 60 мәселені шешу 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізіліп отыр, – деді ол.
Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес. Десе де, әлі де тындыратын тірлік көп. Жайлы инфрақұрылым, тақтайдай тегіс жолдар, қауіпсіз көшелер, сапалы интернет, бәрі-бәрін атқарудағы бір мақсат – тұрғындардың игілігі. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта өз жалғасын табады деп сенеміз.
2000 символ