Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Al-Farabi Bilim» мектебінің оқушылары арасында “Stop bullying” тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Мақсаты — жасөспірімдер арасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың, девиантты мінез-құлықтың алдын алу және дұрыс психологиялық ахуал қалыптастыру.
11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. Оған қатысу ұлдар арасында көбірек таралған. Тренинг барысында, қатысушыларға кибербуллинг пен буллинг жайлы толыққанды ақпараттар беріліп, әлеуметтік желідегі түрлі ойындардан алшақ болу керектігі айтылды. Сондай-ақ семинар соңында, бірнеше әдістемелік ойындар ойнатылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге бейжай қарамайтынын әуел бастан аңғартты. Биылғы Жолдауында да «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деді. Аңғарғандарыңыздай, бұл тек мәселені көрсетіп, соған қатысты шара қолданыңдар деген сырғытпа сөз емес. Нақты тапсырма. Президент «жазаны күшейтуді талап етемін», – деген болатын.
Бүгінде буллинг әлем мектептерінде кеңінен таралып отыр. Буллинг сөзі ағылшын тілінің bully, яғни қорқыту ұғымын береді. Бұл физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Мұндай теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл, сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу.
Бір жылдан аса уақыт бұрын еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» («Health behaviour in schoolaged children») тақырыбындағы зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерделеу мақсатында қазақстандық оқушылар арасында сауалдама жүргізді. Зерттеу тобы мұндай көрсеткіштерді әр 4 жыл сайын жинап зерттейді.
Ғалымдардың пікірінше, буллингті мектеп деңгейінде төмендету шаралары буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізуді, ата-аналарды тартуды, тәртіптік әдістерді қолдануды, мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсартуды, балаларды қадағалауды қамтиды.
2000 символ