Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Нұрымбетов айтты.
Шымкент қаласына туристер келетін ең көп уақыты ол наурыз айы болып табылады. Жылдың 4 мезгіліне арналған «Наурыз Шымкенттен басталады», «Damdastour», Шымкент марафон, Қошқар ата сейілі, қала күні мерекесі секілді тұрақты іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
«Біз қала туризмін дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде – оқиғалы туризмді дамытуды қолға алып отырмыз. Іскерлік туризм бағытын дамыту бойынша түрлі салааралық халықаралық форумдар, тақырыптық жәрмеңкелер, конференциялар, бизнес өкілдерінің коммерциялық шаралары және съездер өтетін болады. Аталған іс-шаралар қазіргі таңда тұрақты түрде жыл бойына өтуде», -деді спикер.
Сонымен қоса, қала мен облыс аумағында киелі тарихи орындардың сан алуандығы өңірде тарихи-зиярат туризмін дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Осыған орай, бұл бағыттар бойынша ұзақтығы 1, 2 және 3 күнді қамтитын турлар әзірленіп, туристерге ұсынылуда. Көрсетілген турпакеттерге Шымкент, Түркістан, Сауран, Отырар қалаларының бірқатар тарихи туристік нысандары енгізілген.
Одан бөлек, Ақсу-Жабағылы қорығына, Сырдария-Түркістан және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне арналған турлар бар және туристік бизнес өкілдіктерімен бірге жаңа турлар қалыптастырылуда.
Айта кетсек, Оңтүстік өңіріне зиярат ету туризмі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабынан бастау алады. Сайрам тұрғын алабында республикалық маңызы бар Қазақстанның Сакралды географиясына енгізілген 7 киелі нысан орналасқан. Басқарманың басты стандартарының бірі, Қ.А. Ясауи кесенесіне бармай тұрып, ең бірінші Сайрамдағы орналасқан «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелеріне бару қажет, содан кейін Түркістдағы Қ.А. Ясауи кесенесіне бару турларын ұлғайтуда.
Сондай-ақ, 2021 жылы жергілікті меценат есебінен Хызыр Пайғамбар мұнарасына 15,0 млн.тг. қаржыға абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 2024 жылы Сайрам тұрғын алабын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз.
Аталған жоспарға сәйкес Қаратау ауданы әкімдігімен 2024 — 2025 жылдар аралығында жылына 80 мыңнан аса зияратшы келетін нысандар Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін 1-ші этаппен абаттандыру көзделген.
2000 символ