Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жеқазған қаласының қысқа дайындығы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Жылдың басында «Қазақмыс Energy» жөндеу жұмыстарына 2,5 млрд теңге бөлген болатын. Оның жетпейтіні анық. Сондықтан олар «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасы бойынша қаражат көлемін 11 млрд теңгеге көтерді. Жылу қазандықтарын жөндеп, ауыстыру, жаңғырту жұмыстары жүреді. Қазір төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы екі қазандықты биыл жаңартуымыз керек болған. Бірақ қаржы жетпегендіктен келесі көктемге қалды. Бұл – сегізінші қазандық. Ал оныншы қазандық толығымен жаңартылған. Егер 8 қазандықтың екеуі жаңартылса, жылу тапшылығын толығымен жабамыз», – деді өңір басшысы.
Әкім салаға жауапты мекемелер жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстап отырғанын еске салды.
«Біздің де көзіміз жетіп отыр. «Қазақмыс Energy» компаниясы да жылу маусымы тұрақты болады деп кепілдік беруде. Өткен жылу маусымының қиындықтарын ескеріп, жыл бойы бүкіл қаланы қопарып шықтық. Соның бәрі жылу маусымын тұрақты өткізу үшін жасалды», – деді Берік Әбідғалиұлы.