Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысын бақылады. Аталған орталықта 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар І-ІІ топ мүгедектеріне стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Атап айтсақ, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық және педагогикалық 8 әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Қазіргі таңда 240 мүгедектігі бар азамат стационарлық режимде ем алуда. Орталықта 55 бейнебақылау орнатылған. Жалпы аумағы 0, 946 гектарды құрайды. Бүгінде арнаулы әлеуметтік орталықты күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туындап отыр.
Орталықтың жағдайымен танысқан қала басшысы жауаптыларға мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластыру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және кез келген мезгілде ыңғайлы болу үшін спорт алаңшасының шатырын орнату бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетерлігі, Шымкентте жуырда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі пайдалануға берілді. Үш қабатты орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта түрлі ем шараларын алып, демалу үшін барлық жағдай жасалған. Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары, кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған.
Орталықта жыл сайын 2 мыңнан аса ардагерге санаториялық қызметтер көрсетілетін болады. Санитарлы-гигиеналық, мәдени іс-шаралар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.
Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге «Шымкент циркте» болып, ғимараттың қазіргі ахуалымен танысты. Циркке жылына 90-100 мың көрермен келеді екен. Бүгінде шығармашылық ұжымның репертуар қорында 22 бағдарлама бар. Штаттағы 11 бөлімде 55 әртіс, 22 эстрадалық оркестр, 10 музыка және жарықпен сүйемелдеуші, өзге де техникалық қызметкерлер жұмыс істеп жатыр.
Қала әкімі сала басшыларына ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге кедергі болып отырған 3,1 гектар жер телімін пайдалану құқығына қатысты өзекті мәселелерді тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
2000 символ