Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әзіл-сықақ және сатира театрында болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1949 жылы пайдалануға берілген нысан тозығы жеткендіктен күрделі жөндеуге жарамсыз деп танылған. Сондықтан театр қызмектерлері жаңа ғимарат салып беруді сұраған болатын.
Бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 20-дан астам түрлі жанрдағы қойылымдары бар. Қазір мұнда 88 қызметкер жұмыс істейді. Театр ұжымы драмалық, комедиялық шығармалармен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған түрлі қойылымдарды қоюмен, концерттік, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынумен ерекшеленді. Былтыр әртістер «Айтқыштар Ақтөбеде» респуликалық әзіл-сықақ байқауында және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған фестивальде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі I орынды иеленді.
Қала әкімі жауаптыларға шығармашылық ұжымның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сала басшыларына театрдың ғимарат мәселесін шешуде ұсыныстар әзірлеу қажеттігін жеткізді.
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры еліміздегі жас өнер ордаларының бірі. Ол 2008 жылы 4 сәуірде құрылды. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пьесасының желісімен жазылған У.Әбдірайымовтың «Ауылым – әнім» музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді.
2011 жылдың қараша айында театрға бұрынғы «Шымкент» кинотеатрының ғимараты берілді. Театрда жалпы саны 86 адам, оның ішінде шығармашылық салада 36 адам қызмет атқаруда.
Театр түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары жүлделі орындарды иеленіп келеді. 2012-2013 жылдары Шымкенттегі «Әлем әзілі»атты халықаралық І, ІІ-ші фестивалінде театр үздік нәтиже көрсетті. Бұл байқауда Ресей, Қытай, Жапония, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан сынды елдердің белді сатириктері бас қосты. «Театр көктемі — 2011», «Театр көктемі — 2013», «Театр көктемі — 2014» фестивальдерінде де Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры түрлі марапаттарды иеленді.
Қазақ хандығының 550, Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған «Театр көктемі — 2015» облыстық фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациясы бойынш жүлделі орынды иеленді.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2016» облыстық театр фестивалінде Р.Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» тарихи драмасымен қатысып, «Актерлік ансамбльдік тұтастық» номинациясын жеңіп алды.
2000 символ