Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент Сити шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмысын аралап көрді.
Аталған шағын ауданда 3 аумақта саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектар, екінші 20,4 гектар, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорттық алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған. Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.
Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде. Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады. Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымкентте саябақтар мен гүлзарларға 2022-2026 жылдарға арналған даму концепциясының жобасы әзірлен-ді. Концепция жобасы аясында жалпы қалалық саябақтар жүйесін қалыптастыру, демалушыларға қолжетімді аумақта орналасуы, саябақтарда жаңа сценарийлерді құру және тағы басқа да жұмыстар жүргізілетін болады делінген еді. Қала аумағындағы халық санының артуын ескере отырып, жаңадан 23 гүлзар орындарын салу бойынша ұсыныс берілді. Ұсыныс қала әкімімен қолдау тауып, әр жыл сайын 5-10 гүлзардан салып, қаланың көгалдандыру аумағын 30,25 гектарға арттыру жоспарланған-ды. Қала аумағындағы саябақтарды кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарынан өткізу бойынша Жол картасы әзірленді.
2000 символ