Жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде.
Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ, қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге мемлекет тарапынан жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді.
Шымкент қаласында онкологиялық аурулармен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 127 науқасты құрайды. Егер республика бойынша орташа көрсеткіш 100 мың адамға шаққан кезде 208 адамды құрайтынын ескерсек, біздің қаламызда аурушаңдық көрсеткіші төмен. Дегенмен, аурушаңдықтың төмен болуын жұмыстың нәтижесі, жақсы көрсеткіш деп айтуға болмайды. Себебі, халықтың арасында іс жүзінде онкологиялық аурулармен ауыратын, бірақ, дерті уақтылы анықталмаған, нақты диагнозы қойылмаған адамдардың болуы әбден ықтимал.
–Ондай адамдар өз ағзасында қатерлі ісіктің бар екенін білмей, ешқандай ем қабылдамай жүре береді. Содан ауруы әбден асқынған кезде барып дәрігердің қабылдауына келеді. Мұндай жағдайда пациентті емдеу өте қиын болмақ. Демек, қазір ауруы анықталмай, диагнозы қойылмай жүрген науқастар күні ертең онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішінің арта түсуіне ықпал етеді. Сондықтан мейлінше көбірек азаматтарды профилактикалық тексеруден өткізіп, аурушаңдық көрсеткішін арттырып, дертті ерте сатысында анықтап, емдеуіміз керек, — деді Шымкент қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов.
Онкологиялық орталық Шымкент қаласы бойынша онкологиялық қызмет көрсетеді. Орталықта барлығы 261 төсек орын бар. Оның ішінде жағдайы біршама жақсы, өз аяғымен келіп ем қабылдай алатын науқастарға арналған 30 төсек орынды күндізгі бөлімше бар. Қалған 231 төсек орын тәулік бойы осында қалатын науқастарға арналған. Атап айтар болсақ, 30 төсек орынды хирургиялық бөлімше, 35 төсек орынды радиогинекологиялық бөлімше, сәулелі ем қабылдайтын 46 төсек орынды радиологиялық бөлімше, 50 төсек орынды химиятерапия бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауруы асқынып кеткен, емдеуге жарамайтын науқастарға күтім жасайтын 30 төсек орынды паллиативті көмек бөлімшесі бар.
2000 символ