Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарды диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітіліп, жүзеге асырылды.
Бүгінде Шымкент қаласында 53 емхана болса, соның ішінде 14-і мемлекеттік емханалар, қалғандарпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтіндер. Шымкент қалалық онкологиялық орталығы қала бойынша онкологиялық қызметті үйлестіруші мекеме болып саналғандықтан, бізде осы емханалармен бірлесіп жұмыс істейтін ситуациялық орталық – ұйымдастыру-әдістемелік бөлім жұмыс істейді. Бұл орталық арқылы емханада дәрігердің қабылдауында болып, бізге тексеруге жолданған науқастардың жағдайы бақыланып отырады. Оған қоса емханадағы дәрігердің қабылдауында болған науқастың диагнозы уақтылы қойылмай, ауруы асқынып кеткен жағдайда ситуациялық орталықта бұл мәселе толық талданып, емхананың бас дәрігері мен оның орынбасарларына және науқасты қабылдаған дәрігерге алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін әдістемелік көмек беріледі.
Енді биыл қазан айында Үкімет онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл кешенді жоспар аясында скринингтік тексеру жұмыстары жандандырылады. Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісіктің 3 түрі, атап айтқанда, сүт безінің қатерлі ісігі, жатыр мойнының қатерлі ісігі және тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингтік тексеру жүргізіліп келген болатын. Ендігі жерде жаңадан бекітілген кешенді жоспардың аясында скринингтің жаңа түрлері енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, тік ішектің қатерлі ісігін анықтау үшін эндоскопиялық әдістен бөлек, виртуалды колоноскопия әдісі арқылы да тексеру жүргізіледі. Мұның өзі тиімділігі жоғары әдіс болып саналады. Бұл – бір.
Екіншіден, өкпенің қатерлі ісігі ауруын ісікалды кезеңде немесе аурудың ерте сатысында анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы скринингтік тексеру жүргізу жоспарланып отыр.
2000 символ