Шымкент қаласында 20 қазаннан бастап жылу беру басталды. Жылу орталығын, жылу жүйелерін қысқы маусымға дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылды. Ал сумен жабдықтау, жеке секторда және көпқабатты үйлерде су тораптары мен су құбырларының дайындығы қай деңгейде? Қала тұрғындары қысқы маусымға қаншалықты қамданды? Бұл – жауапты мәселе. Себебі, қыс қыр астында тұр. Осы орайда сумен жабдықтау мекемесінің және тұрғындардың дайындығын саралап көрдік.
Қалада биылғы қысқы маусымға дайындықты барынша күшейту, қажетті шаралардың барлығын мерзімінде қамту бойынша нақты тапсырмалар берілген. Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда тиісті шаралар қабылдануда.
Қаланы сумен жабдықтаушы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Өткен қысқы маусымдағы жағдай зерделеніп, жаңа жоспарлар түзілген.
«Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бекжан Ешімбетовтың айтуынша, инвест бағдарлама бойынша 13 шақырым су құбырлары ауыстырылды. 12 мың су тораптарында су өлшегіш құралдары орнатылған.
– Өткен қысқы маусым тұрғындардың есінде ерекше қалғаны белгілі. Біршама әлекке салған жағдайлар болды. Соған байланысты біздің мекеме биылғы дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Су тораптары, су құбырларын жылытқышпен қымтау, оқшаулау жұмыстарын атқардық. Су өлшегіш құралдарының аязда қатпауы үшін тиісті жұмыстарды қолға алынды. Жалпы қысқы маусымда қала тұрғындарын тәулік бойы сумен қамтамасыз етуге толық дайынбыз. Бұл ретте, қала тұрғындарының дайындығына да назар аудару қажет. 2023 жылдың қаңтар айында қысқы суыққа тиісті деңгейде дайындалмағанның салдарынан көпқабатты және жеке секторларда ауыз сумен қамту желілерінде айтарлықтай мәселелер болды. Сол кезде қала тұрғындарының аулаларындағы су құдықшаларының, су құбырының саяз көмілуі, көпқабатты үйлерде жертөледегі немесе кіреберістегі су құбырларының тиісті қымталмау жағдайларын анықтадық, – дейді бас директордың орынбасары.
Осы жағдайларға байланысты қала тұрғындары да дайындыққа ерекше мұқият болғаны жөн. 2023 жылдың қаңтар айында үй ішіндегі су желілері қатып қалып, бірқатар көпқабатты үйлер сусыз қалған болатын. Жеке үйлерде де, коммерциялық нысандарда да осындай мәселелер байқалды.
2000 символ