Егемен еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуінде нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының үлесі мол. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып жүрген әйелдер қауымының активі өтті. Жиынға AMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринова, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, жаңадан құрылған әйелдер қанаты жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
– Бүгінде әйел қауымының саясатта, мемлекеттік басқаруда, кәсіпкерлікті дамытуда мүмкіндіктері кеңейгенін айта кеткен жөн. Қыз-келіншектер қашан да адами капиталдың дамуына және елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң әсер етеді. Біздің негізгі мақсатымыз – әйел мәртебесін көтеру, нәзік жандылардың ғылымдағы, қоғамдағы рөлін айқындау, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету, – деді партия хатшысы.
Жиын барысында AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр
Нарымбетов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлестерін айрықша атап өтті. Инклюзивті мәдениет пен гендерлік теңдік қалыптастыру – AMANAT партиясының басымдықтарының бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ, әйелдің қоғамдағы мәртебесін көтеруде партия жанынан құрылған әйелдер қанатының маңызы зор екенін де тілге тиек етті. Ал партия филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жиынға қатысушыларға жобаның мән-маңызын түсіндіріп, бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
Сонымен қатар, партия жанындағы аймақтық экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің мүшесі, қалалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, қалалық «Іскер әйелдер» қауымдастығының құрылтайшысы, қала әкімдігінің жанындағы отбасылық-демографиялық саясат Әйелдер істері жөніндегі комиссиясының мүшесі Жанетта Жазықбаева және партия мүшесі Балмаржан Нарбекова сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
Айта кетсек, Шымкентте «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, қалалық филиал Төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық филиал Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, жазушы, публицист Момбек Әбдіәкім және өңірдің зиялы қауым өкілдері, фракция мүшелері мен оқырмандардың қатысуымен партия филиалы ғимаратында «Кітап – AMANAT» дүкенінің ашылу салтанатты өткен болатын.
2000 символ