Шымкентте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен 7-8 сынып оқушылары арасында география пәнінен Олимпиада өтті. Оған «Шымкент-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің маманы Перизат Балтабаева бақылаушы ретінде қатысты.
Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған іс-шара екі турдан тұрды. Олимпиаданың қалалық кезеңіне Шымкент қаласы бойынша 215 оқушы қатысты.
«Біздің мақсатымыз географиялық білімнің, дағдылардың және географиялық зерттеулер белсенділігінің сапасына назар аудара отырып, оқушылардың пәнді тереңдетіп оқуға деген қызығушылығын арттыру»-дейді іргелі іске ұйытқы болған Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығының мамандары.
Олимпиаданың қалалық кезеңіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны әр сынып бойынша олимпиадаға қатысушылардың жалпы санының 45%-н құрады. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешіміне сәйкес І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Олимпиаданың ережесіне сәйкес, Республикалық кезеңіне қазылар алқасының шешімі бойынша 7 сынып — 2, 8 сынып — 2 жолдама алды. Олар: №46 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Хан Павел, Қазыбек би атындағы № 36 жалпы орта білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Ержан Рахишев, Білім-инновация ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының 8 сынып оқушысы Дәулет Бабайхан және Білім-инновация қыз балаларға арналған №2 лицей-интернатының 8 сынып оқушысы Ұлпан Абдрай.
Дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. Биыл республика құрама командасына Шымкент қаласынан 9 оқушы жүлделі орын алды. Оның ішінде 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль иегері атанды. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №514 бұйрығына сәйкес, қаламызда түрлі пәндік, ғылыми және зияткерлік конкурстар, халықаралық олимпиадаға 70000-нан жастар қатысуда. Әр конкурстың өзіндік кезеңдері болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар беріледі. Алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы беріледі.
2000 символ