Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров спорт бағытындағы қазақы жылқы санын көбейту туралы заң жобасы кімдерге субсидия төлеуді көздейтінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Субсидия төлеудің ережелерін ауыл шаруашылығы министрлігі заң қабылданғаннан кейін әзірлейді. Біз заң жобасы аясында 701 млн теңге бес жылға бөлу керек деп отырмыз. Кейбір әріптестеріміз жеткіліксіз деп жатыр. Бюджет комиссиясына шығып, мұны қайтадан қарастыруға болады. Қазіргі таңда біз ұсынып отырған заң дұрыс қолданылатыны және нәтижесі болатынын дәлелдеуіміз керек», — деді депутат БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Оның сөзінше, бұл субсидия Адай және Қостанай тұқымды жылқы ұстайтындарға берілмек.
«701 млн теңгеден жыл сайын 140 млн теңге бөлініп отырады. Адай және Қостанай тұқымды жылқының қазіргі саны 1000 бастан аспайды. Осы 1000 басқа жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынып отырмыз», — деді Айдарбек Қожаназаров.