Ақтөбеде 7-сынып оқушысы үстелдің бұрышына басын соғып, оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Диапазон» басылымының жазуынша, қайғылы оқиға бүгін, яғни 14 желтоқсанда қаладағы №27 мектепте болған.
«Мектепте бәрі осы оқиға туралы айтып жүр. Барлығы үшін ауыр қаза болды. Қызымның айтуынша, оқиға үшінші қабатта болған. Бала сыныпқа жүгіріп кірген кезде табалдырыққа аяғы шалынып құлап, артынша сол екпінмен әлде партаның, әлде үстелдің бұрышына басымен соғылған. Бұл бәрімізді есеңгіретіп жіберген қайғылы оқиға болды… Баланың ата-анасына көңіл айтамын, ешқандай жұбату сөз таба алмай отырмын», – дейді №27 мектеп оқушысының анасы Олеся.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың мектепте құлап, үстелдің бұрышына соғылғанын растады.
«Ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Баланың денесін қарау кезінде тамыр соғысы тоқтап қалғаны, есін жинамағаны анықталды. Иек аймағында сызат болған. Бірден реанимация бөліміне жеткізілді. Алайда сағат 11:25-те өлім жағдайы тіркелді», — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Аталған оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдіріп, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«14 желтоқсанда Ақтөбе қаласындағы №27 орта мектепте орын алған жазатайым оқиға фактісі бойынша Ақтөбе облысы полиция департаменті ҚР ҚК 141-бабы 1-бөлігімен (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды», — делінген хабарламада.