Алматы облысында үш жасар баланы іздеуге «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, іздеу орнында жедел штаб құрылды.
«Іздеу жұмыстарына ТЖД, РЖҚЖ, ПД, ҰҰ ә/б, аңшылық шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, еріктілер арасынан 300-ге жуық адам және 80-ге жуық техника, тепловизоры бар 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 наурызда сағат 21-44-те Алматы облысының ТЖД-не Еңбекшіқазақ ауданының Безымяное көлі Куш ауылының маңында 2021 жылы туған қыз баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Бүлдіршін 16-30-да ересектердің қарауынсыз қалып, үйден шығып, осы уақытқа дейін оралмаған.
Бірінші күннен бастап құтқарушылар тізіліп қарау әдісімен жерүсті іздестірді. РЖҚЖ құтқарушылары 30 метр қашықтықта орналасқан су айдынына сүңіп іздестіруде, сондай-ақ тартылған күштер мен құралдармен оқиға орнында және су айдынының жағалау сызығы бойынша кинологиялық есептоптарды пайдалана отырып, жерүсті іздеу жұмыстары жүргізілуде.
«Бала болуы мүмкін делінген барлық жер тексеріліп жатыр. Үздіксіз байланысты қамтамасыз ету үшін іздеу жұмыстары орнында ТЖД командалық-штабтық машинасы орналастырылып жұмыс істеуде. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», — делінген хабарламада.