Созаң ауданында орналасқан «Нұр-Аман» сауықтыру кешенінде, Созақ ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен халықаралық жарыс жалауын көтерді. Айта кету керек, аталған жарыс бокстан жастар мен жасөспірімдер арасында аудан әкімінің жүлдесі үшін өткізіліп отыр.
Байрақты бәсекенің ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жас спортшыларға ізгі тілегін арнап, спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жобаларға тоқталып өтті.
-Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Бүгінгі күні спортты дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының біріне айналған. Нағыз спортты сүйетін жастардың ауылдан тәрбиеленіп шығатынын ескерсек, ауданда бұл мақсатта бірталай шаруа атқарылды. Өткен жылы ауданда спорт саласы бойынша 8 жоба іске асып, жылды табысты қорытындыладық. Келер жылы осы бәсекені заман талабына сай жабдықталған спорттық-сауықтыру кешенінде өткізетін боламыз. Осындағы спортты жанына серік еткен жастарымыз халықаралық сайыстарға тұрақты қатысып, әркез жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін. Алдағы күндеріміздің бәрі жарық, жақсылық болғай,-деді аудан басшысы.
Ардагер спортшы Шәдібеков Анарбай құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын арнады.
Айта кетейік, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келген Халықаралық жарысқа көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері мен еліміздің бірнеше өңірінен 25 команда қатысуда. 18 салмақ бойынша жиналған 300-ге тарта жас спортшылар өзара сынға түсіп, кіл мықтының ішінен кілең мықтыларды анықтайды. Халықаралық жарыс сәуір айының 5-не дейін созылады.