Биыл сыртқы жарнамаларды ретке келтіру бойынша да оң нәтижелер бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, билбордтар LED экранға ауысады
Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы баспасөз брифингін өткізді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік беретін жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын мемлекеттiк реттеу, сыртқы жарнамаларды ретке келтіру, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару, Бас жоспарды жүзеге асыру жұмыстарының барысын баяндады.
Жобалық кеңседе бекітілген 3 индикатор, яғни Бас жоспар, геопортал, бюджет, тұрғын үйлерді есепке алу және I-komek бойынша тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.
– Былтыр қаланың жаңа Бас жоспарын бекіттік. Соның негізінде қазіргі таңда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізіліп, бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бас жоспарға сәйкес қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспары айқындалды. Көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, тұрғын үй салу, қаланы көркейту бойынша бірлесе атқаратын жұмыс көп. Бұл ретте тиісті басқармалар, департаменттерге ұсыныстар беріледі. Қазіргі таңда жер саласында арыз-шағым көп. Жыл басынан бері 3 айдың ішінде 3800-ден астам арыз-шағым түсті. Өтініштер, сұраныстардың бәріне жауап беріп, тиісті қызметтер көрсеттік. Басқармаға бөлінген қаражат өз деңгейінде игеріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл сыртқы жарнамаларды ретке келтіру бойынша да оң нәтижелер бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, билбордтар LED экранға ауысады, – деді басқарма басшысы.
Жалпы, биыл қалада 1 млн. астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Осы бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Мегаполис болғалы Шымкентте құрылыс қарқыны артып келеді. Осыған байланысты Алматы, Астанадан құрылыс компаниялары келіп жатыр. Ендігі ретте басқарма тарапынан көмек көрсетіліп, қаланың даму бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нұрбол Әбдірахманұлы Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы, А-2 жолы құрылысы бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу – өте күрделі мәселе. Қаланың дамуына, Бас жоспарға сәйкес, әлеуметтік-мәдени ірі нысандар салу жоспарлануда.
2000 символ