Шымкент қаласында өзекті мәселенің бірі – сыртқы жарнамаларды ретке келтіру. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық билбордтарды LED экранға ауыстыру жоспарлануда. Меморандумға сәйкес, жыл соңына дейін барлық билбордтар LED экранға ауысады. Яғни, сыртқы жарнамалар қаланың дизайн-кодына сәйкестендіріледі. Бұл жайында өңірлік комуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингке Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мәлімдеді.
Бұған дейін бизнес нысандарының жарнама тақтайшаларының жазуы әр түрлі болып келді. Бірінің жазуы үлкен, бірі басқа шрифтпен дегендей. Енді басқарма тарапынан кәсіпкерлерге сәулет-жобасы беріледі. Нормативтік құжаттар бойынша жарнама тақтайшаларын қаланың сәулетіне сәйкес бір типке келтіру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы қаланың жаңа дизайн-коды толық жасалып бітті. Тиісті келісімдер алынды. Қаулының жобасы дайындалуда. Қала әкімінің қаулысы бекітілгеннен кейін кәсіпкерлерге, құрылыс компанияларына қаланың сәулеттік келбетін сақтауға талаптар қойылады. Қазіргі таңда тұрғын үйлерін кәсіпкерлік нысанға ауыстырғысы келетін азаматтар да бар. Кәсіпкерлікке ауыстыру барысында басқарма дизайн-код бойынша ұсыныс береді. Көпқабатты үйлерді қоршау, қаптау, жарықтандыру бойынша құрылыс, тұрғын үй басқармасына тиісті ұсыныстар жолданған. Жалпы айтқанда, қаланың жаңа дизайн коды бойынша жұмыстар сәуір айында басталады.
Қалада заңсыз құрылыстарға мониторинг тұрақты жүргізілуде. Басқарманың мәліметінше, 16 құрылыс нысаны бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Жер телімдерін сатып алып, тиісті құжаттарын рәсімдемей, құрылысты бастап кеткен бірқатар жағдайлар анықталған.
– Мониторинг топтары заңсыз құрылыстарды анықтап, тиісті әкімшілік шаралар көреді. Қазір соттың шешімімен бұзылуға жататын бірнеше нысан бар. Қала тұрғындарын, кәсіпкерлерді заңсыз әрекеттер жасамауға шақырамыз. Құжаттарды толық алғаннан кейін ғана құрылысты бастаса дейміз. Тәртіпке бағыну керек. Сонымен қатар, шаһарда жекеге беріліп кеткен скверлер, саябақтарды қайтару жұмыстарын да атқарып жатырмыз. Заңсыз берілген активтерді қайтару бойынша тиісті жұмыс тобы құрылды, – дейді басқарма басшысы.
Қаланың келбетін арттыру – басты назарда. Басқарма басшысы баспасөз брифингінде қалаға кіреберіс қақпалар орнату, апатты үйлерді жою, ретке келтіру бағытындағы жұмыстардың барысынан да хабардар етті.
2000 символ