Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде білім беру саласы реформалардан көз ашпай келеді. Мұның бәрі, әрине, өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру үшін жасалғаны түсінікті. Мемлекеттің болашағы – бүгінгі балалар. Дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен. Қазақстан мемлекеті үшін де білім жүйесінің сапасын жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Осы орайда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дайындалған болатын. Ұлттық жоба еліміздің бүкіл білім беру саясатын көрсетеді. Бұл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, орта білім беру сапасын арттыру, өңірлер, қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, мектептерді жайлы қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыру секілді мәселелерді қамтиды.
Ұлттық жобаның бірінші міндеті – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Шымкент қалалық білім басқармасының дерегіне жүгінсек, Шымкентте қазір 605 балабақша жұмыс істеп тұр, оның 71-і-мемлекеттік, 534-і –жекеменшік.
Басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиеваның мәлімлеуінше, осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдар саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 22 жекеменшік балабақша ашылған, 2845 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде 2024 жылы қаңтар айының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 78 263 баланың 90,7%-ы, яғни 71 003 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.
–3-6 жас аралығындағы 53 984 баланың бәрі, 2-6 жас аралығындағы 73 900 баланың 67 031-і балабақшаға барып жүр, –дейді Нұргүл Ақылбекқызы.
Шымкентте 63 балабақшада эмоциялық-еркi жағынан және мінез-құлқында (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы педагог және инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.
Жобада балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыруға қойылатын талаптар күшейтілген еді. 2023 жылы Шымкентте 988 тәрбиеші біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Биыл алғаш рет озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында №56 «Тұлпар», №68 «Балауса», «Алтын шаңырақ-1 Айгерім» балабақшаларында «Құзыреттілік орталық» өз жұмысын бастады. Орталықта ата-аналарға кеңес беріледі.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан, жекелеген санаттағы 8155 бала өткен жылдан бастап тегін тамақпен қамтылған. Ал, биыл 3000 баланы ыстық тамақпен қамту үшін 389,0 млн теңге қаржы қаралған. Балалар сәуір айынан бастап тегін тамақтанатын болады.
2000 символ