Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Н.Шәмшиеваның мәлімдеуінше, балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік мектептерің барлығында арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылған. Биыл тағы да қосымша қаржы қаралып, 34 балабақшаға 1005 бейнебақылау камерасы, 44 балабақшаға турникет, 43 балабақшаға дабыл батырмасы орнатылады.
Мұндай талаптар жекеменшік мектептерде де сақталуы тиіс. Қаладағы 122 жекеменшік мектептің 91-інің (75%) бейнебақылау жүйелері ПД Жедел басқару орталығына қосылған.
Орта мектеп бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бекітілген «Әлеуметтік әмиян» деген жоба жүзеге асырылып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында әр балаға білім беру ұйымында өзінің жеке төлем картасы болуын айтқан болатын. Яғни бала сол картамен үйінен шыққаннан кейін қоғамдық көліктерге мінген кезде жолақысын төлейді, мектепке кіргенін растайды. Сабақта үзілісте асханада төлем жасайды, кітапханаға барған кезде де керекті кітабын осы төлем карточкасымен алады.
Қазақстанда еңбек нарығына талдау жүргізіліп, техникалық және кәсіптік салада тапшы мамандықтар тізімі жасалған. Шымкентте 39 кәсіптік-техникалық колледжде 49 348 студент білім алып жатыр. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі соңғы 2 жылда 10%-ға өскен. 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 11250 орын бөлінсе, оның 85%-ы –техникалық, технологиялық және қызмет көрсету салаларының үлесінде.
2022-2023 оқу жылдары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін техникалық кәсіптік біліммен қамтылған 9-сынып оқушыларының үлесі 66%-ды құраса (7 827 орын), 2023 жылы 80%-ға дейін артып, 9 мыңға жетті.
Шымкент қаласындағы 11 мемлекеттік колледждің 8-і техникалық және технологиялық бағытта кадрлар даярлаумен айналысады. Колледждерде кадрлар даярлау өңір экономикасының маңызды салалары бойынша 75 мамандық және 166 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Қазір кәсіпорындардың сұранысы негізінде нысаналы тапсырыспен 1380 маман білім алуда.
— Академиялық дербестік аясында 24 колледжде дуальды оқыту форматы жүзеге асырылады. Студенттердің 25%-ы дуальды оқытумен қамтылған. Түлектерді жұмыспен қамту үшін 18 колледж 28 кәсіпорынның қамқорлығына алынған. Сонымен қатар, 150 кәсіпорынмен келісім жасалған, соның шеңберінде түлектер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағлымдамадан өтеді, — деді Нұргүл Ақылбекқызы.
2000 символ