Еңбекші ауданы – Шымкентте өндіріс орындары шоғырланған аумақ. Ауданда 18 тұрғын алап, 11 шағынаудан бар. 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үй орналасқан. Халық саны 228 830-ге жетті. Ауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Қалаға қосылған 7 елді мекендегі құрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша жұмыстар аяқталып, жалпы 3724 абоненттің ауыз суға қолы жеткен.
Ал аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоба құны –3,0 млрд теңге. Биыл Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік жаңа құрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеу жоспарланған.
Аудан әкімі Досбол Есілбектің айтуынша, өткен жылы халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылған. Ал, жаңа құрылыс аумақтарын 2024-2025 жылдары ауыз сумен толық қамту жоспарланған.
2022 жылы аудан аумағындағы 9 елді мекенде 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылған еді. 2023 жылы Исфиджаб, Достық (1356 абонент) елді мекендерінде «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, кезекті бюджетті нақтылау сессиясына ұсынылмақ. Одан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылды. Биыл Қарабастау Жаңақұрылысында (120 абонент) сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу және 19 трансформатор мен 33,4 шақырым желіні жаңарту жоспарлануда.
Ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 90,7%-ды құрайды. 2023 жылы Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке мердігер мекеме жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қаратөбе тұрғын алабы және Еламан, Еңлікгүл көшелеріне газ кіргізу үшін 2024 жылға бюджеттік өтінім ұсынылады. Жалпы, аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен жаңақұрылыс аймақтарындағы 5992 абонентті табиғи газбен қамтып, қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Ауданда кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 41%-ды құрайды. Аудан аумағында «Ұлағат» шағынауданында (2248 абонент, «Алем Строй 1»ЖШС), кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып, қазылған жерлер қалпына келтірілуде.
2000 символ