Көктем айы жауынды-шашынды болып тұр. Шымкент қаласы Еңбекші ауданның су тасқынына дайындығы қалай? Күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашыннан болатын тасқынның алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 57 мекенжай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекенжайға, өткен жылы 19 мекенжайға ирригациялық арықтар жүргізілді.
Ал, биыл 8 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы атқарылуда.
– Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқа тоқталып өтетін болсам, «Жайлы мектеп» жобасымен Ұлағат шағынауданына және Қарабастау жаңа құрылысы учаскесіне 1200 орынды мектептің құрылысы жүруде. Биыл күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе» мәдениет үйінің ғимараты ескі, апатты болуына байланысты 2022 жылы «Диас Проект» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, мердігер мекеме ретінде «СИГРОСТ» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда ескі ғимаратты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Заманауи үлгідегі мәдениет нысаны салынатын болады, – деді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Аудан бойынша 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. 2023 жылы 29 балалар ойын алаңшасын құру жоспарланған болатын. 27 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 2 шарт бұзылды.
– Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады. Жоба аясында 2024 жылы 44 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және жеке секторда 11 мекенжайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Қалған абаттандыруды қажет ететін 39 ауланы көркейту 2025 жылға жоспарланып отыр екен. Олар: «11», «12», «Цементшілер», Көксай-2 шағын аудандары мен Қаратөбе, Жұлдыз тұрғын алаптары.
2022 жылы 107 спорт алаңшасы салынды. Тұран ауданының ашылуына байланысты Еңбекші ауданы аумағынан Әл-Фараби ауданына 58 ашық спорт алаңшалары тапсырылды. Қазіргі таңда аудан аумағында 49 ашық спорт алаңшалары орналасқан. Былтыр 7 спорт алаңшасы пайдалануға тапсырылды.
Биыл 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Аудан әкімінің айтуынша биыл 5 гүлзар салу жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасын өткізуге құжаттамалар дайындалып жатыр.
2000 символ