Шымкент қаласында көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Биыл жалпы көлемі 26,5 мың гектарға егіс егіледі. Бүгінгі таңда жоспардың 75 пайызға жуығы орындалды. 10 мыңнан астам гектарға дәнді дақыл, 8,6 гектарға малазықтық, ал қалған аумаққа майлы дақыл, картоп пен көкөніс тұқымы себілді.
Сонымен қатар, алдағы күндері бақша мен майлы дақылдар егіледі. Жалпы бұл егіс алқабынан 86 мың тонна өнім жиналады деп күтіледі.
Өнімділікті арттыру мақсатында егін шауашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн 226 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 122 млн 146 мың теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 20 млн 480 мыңы тұқым шаруашылығын дамытуға, ал 600 мыңы пестицид пен биоагенттердiң құнын субсидиялауға бағытталған.
Сонымен қатар, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 36 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға 1 870 гектар егіс алаңын құрайтын 5 шаруа қожалықтың өтінімі қабылданды.
Шымкент қаласы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағармайды таратушы оператор анықталып, «ҚазМұнайГаз» ҰК арасындағы тиісті шарт жасалды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлестірілу жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетсек, Шымкентте жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында түркиялық «Alarko Holding A.S.» компаниясымен бірлесе 100 га аумаққа жылыжай салу жоспарланып отыр. Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаев мәлімдеді.
—Жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында Түркиялық «Alarko Holding A.S.» компаниясымен бірлесе 100 га аумаққа жылыжай салу жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы жылыжай кешендері 239 га ұлғайып, қосымша 1 000-нан астам жұмыс орындары ашылады. Жиналатын өнім көлемі 30 мың тоннаға артады. Аталған жылыжай шаруашылықтарына құрылыс жұмыстарына кеткен шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, коммуналдық шығындарға 1 гектарына 4 — 8 миллион теңгеге дейін мемлекеттік қолдау көрсетіледі, — деді Т.Мекамбаев.
Қалада өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың гектарды құраса, биыл егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың гектарға жетіп, 86,0 мың тонна өнім жинау күтілуде.
2000 символ