Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Сонымен қатар, теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақтар адам өміріне қауіп төндіреді. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.
Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Айта кетсек, Шымкент Сити шағын ауданындағы саябақтың құрылысы аяқталуға таяп қалды. Аталған шағын ауданда 3 аумақта саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектар, екінші 20,4 гектар, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорттық алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған.
Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.
2000 символ