Салауатты өмір салтын қалыптастыру- қазіргі уақыттағы ең көкейкесті мәселелердің бірі. Бұл әсіресе, жастар арасында өзекті. Мәселенің маңыздылығы- қоғамымыздың әлеуметтік жағдайына, экономиканың бүгінгі уақыттағы хал-ахуалына, экологияның нашарлауына, жастардың өз денсаулығына жауапкершіліксіз қарауы себептеріне байланысты да арта түсуде. Ал салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны зор.
Жуырда Арыс қаласында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Толағай — 2024» отбасылық сайысы өтті. Аталған іс-шарада қала және оған қарасты ауылдық округтерден құралған 6 отбасы төрт кезең бойынша сайысқа түсті. Жүгіру, қаппен секіру, кедергілерден өту, топ болып жүгіру секілді қызықты ойындар ойнаған отбасылар уақыттың қалай өткенін де байқамай қалды.
Төрт кезең бойынша жарысқан отбасылар арасында І орын Өтелбековтер отбасына бұйырса, ІІ орын Кадировтар отбасына берілді. ІІІ орынды Барат отбасы иеленді. Жеңімпаздар жүлделі сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, сайысқа белсене қатысқаны үшін Орынбековтер, Игеновтер, Полатбековтер отбасыларына «АMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Б. Ділдәбеков және «Жастар ресурстық» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы М. Сарыпбекованың арнайы алғыс хаты мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Іс-шараның мақсаты — салауатты өмір салтын жас отбасылар арасында кеңінен насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, денсаулығын нығайту сондай-ақ жас отбасыларға отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, отбасы Отанның байлығы екендігін жеткізу болып табылады.
Айта кетейік, сайыс «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының қолдауымен өткізілді.