Өмірде адам қателеспеуі тиіс маңызды мәселенің бірі – мамандық таңдау. Бұл әсіресе, енді ғана қанаты қатайып, мектеп табалдырығын аттағалы отырған түлектерге айтылар өзекті мәселе.
Зерттеу деректері бойынша, елімізде еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жыл сайын 70 мыңнан аса түлек жұмысқа орналаса алмайды. Бұған қоса NEET санатындағы жастар да аз емес. Еңбек нарығындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, жалпы адам капиталын тиімді дамыту үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған өз жолдауларының бірінде балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие екенін, өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиістігін атап өткен еді.
Осы мақсатта Түркістан облысында жастарды кәсіптік бағдарлауға баулу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда «Оқу-өндірістік комбинат» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Автоэлектр бөлімінің маманы Лепшаков Хамит мектеп оқушыларына кәсіптік бағдарлау жұмысына, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар етуге бағытталған «Кәсіптік бағдарлау «атты семинар-тренинг өткізді.
Шара барысында Хамит мырза оқушыларға мамандық таңдау жөнінде өз ақыл-кеңестерін айтып, қазіргі сұраныстағы мамандықтар туралы ақпарат берді.
-Қазіргі таңда еңбек нарығы тез өзгеріп жатыр. Қазақстанға цифрландыру, роботтандыру, автоматтандыру, технология толқындары жетті. Бүгінде оқушылар биыл немесе келесі жылы сұранысқа ие болатын мамандықты таңдамауы керек. Олар кемінде 4-5 жылда еңбек нарығына сұранысқа ие болатын мамандықтарды таңдауы керек,-дейді ол.
Шара барысында Хамид мырзаға оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.