Бүгін Астана қаласында «CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» ойындары басталды. Жарысқа еліміздің 23 қаласынан 400-ге жуық спортшы келді. Бағдарламаға сәйкес, қатысушылар 12 маусым күні елордаға ат басын тіреп, ұйымдастырушылар дайындаған қонақ үйлерге жайғасты. Бүгін таңертең ашылу салтанаты өтіп, түс ауа биші балалар бақ сынады. Ал ертең бейімделген жүзу, адаптивті каратэ, таэквондо, дзюдо, адаптиві футбол, голбол, бочча, адаптивті жеңіл атлетика, CPU футболы, бейімделген пионербол, үстел теннисі бойынша өнер көрсетпек. Жарыстың соңғы күнінде жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – сайысқа тек мүмкіндігі шектеулі балалар ғана емес, дені сау жеткіншектер де қатысады. Ондағы мақсат мүмкіндігі шектеулі балалар мен дені сау жеткіншектер арасында достық байланысты нығайту. Спортшылар жынысына, спорт түрлеріне, сырқатына, физикалық және интеллектуалды қабілетіне қарай жіктеліп, өнер көрсетеді.
Фестивальдің мақсаты – әлеуметтік оңалту, яғни мүгедектігі бар балалар мен жастарды бейімделген спорт арқылы бәсекеге қабілетті ету, белсенді өмір салтын нығайту болып табылады. Спорт ойындарын өткізу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға құлшынысын еселеп, өзіне деген сенімін арттыру.
Жоба аясында еліміздің 23 қаласында спорттың 11 түрінен мүмкіндігі шектеулі 1100 бала мен жастарға арналған жыл бойы тегін бейімделген спорт секциялары жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ фестиваль аясында 7 қаладан «инклюзивті хорегорафия» үйірмелерінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді.
2019 жылдан бастап «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры жобасының бас серіктесінің қолдауымен бірегей және ауқымды фестиваль өткізіп келеді, ал 2021 жылдан бастап фестивальдің әлеуметтік серіктесі қазақстандық бочча Федерациясы болып табылады.
Жыл сайын фестивальге қатысушылар мен бейімделген спорт үйірмелеріне қатысушылар саны артып келеді.