Астана қаласы әкімдігіне қарасты Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Балалар мен жасөспірімдерді оқуға насихаттау» атты кездесу кеші өтті. Кештің қонағы танымал ақын, сазгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Әкім Ысқақ. Жазушының шоқтығы биік шығармалары барша оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген. Зиялы тұлғалармен танысып, бетпе-бет пікір алмасу арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық, тілін сүю, оқу мен білімге құштарлық сияқты қасиеттерді сіңіреді. Материалдық құндылықтар адамгершіліктен жоғарылап бара жатқан кезеңде ақынның шығармалары талай жасқа тәрбие болары сөзсіз.
Кештің салтанатты ашылу рәсімінен кейін ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Кітапхана ұжымы арнайы көрме бұрышын да әзірлеген. Кешке кітапхана оқырмандары мен қонақтар қатысты.
Целиноград кезінде, яғни 1974 жылы қаланың әр бұрышындағы кітапханалар біріктіріліп, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылды. Құрамында 20-ға жуық кітапхана болды. Алғашқы кітап қоры 37 000-нан астам болса, оқырман саны 25806 адамды құрады. Ал 1985 жылы кітапханалар саны 24-ке жетті. Оның ішінде 16-сы көпшілікке арналса, балалар кітапханасының саны 8 болды. Тоқырау заманының зардабы ордалы орынға да тиді. 1993 жылы бірнеше бөлім жабылып, 21 көпшілікке арналған, 7 балалар кітапханасы ғана жұмыс жасады. Түрлі кезеңдерді бастан кешкен орда кейіннен Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» деген атқа ие болды. Бүгінде құрамында 18 кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде: Орталық қалалық кітапхана, 10 көпшілік кітапхана, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, 5 балалар кітапханасы, Арнайы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана. Ал мұндағы кітап қоры 695 000 дана.