Қазіргі таңда жастарды мемлекеттік қызметке қабылдау бұрынғыдай қиын да күрделі шаруа емес. Елге қызмет етемін дейтін жастар үшін мемлекет үлкен мүмкіндік жасап отыр. Білікті де білімді жастар жеңілдікпен жұмысқа орналаса алады. Яғни жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен әрі GPA 3,33-тен төмен емес көрсеткішпен бітірген түлектерді аудан және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі қарастырылып отыр Бұл Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мақсатында қолға алынып отырған бастамасы. Сондай жас маманның бірі Сұлтанғали Әйгерім Ермекқызы мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып, бүгінде өзі қалаған мамандықпен жұмыс істеп жүр. Біз Әйгеріммен аз-кем сұқбаттасып едік.
— Әйгерім, қайсы жоғары оқу орнын және қандай мамандықта бітірдіңіз? Мемлекеттік қызметке барсам деген мақсат диплом алғаннан кейін пайда болды ма әлде бұл сіздің арманыңыз ба еді?
— Мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы бакалавры ретінде бітіргенмін. Шынымды айтсам, мемлекеттік қызметке қатты қызығушылығым болған емес. Өйткені мен өз мамандығыммен мемлекеттік қызметте жұмыс жасай алатынымнан бейхабар едім. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша Қараспан ауыл округі әкімі аппаратында практикант ретінде агрохимик болып жұмыс жасадым. Сол кезден бастап маған мемлекеттік қызмет ұнай бастады. Мемлекеттік қызметші болуға сол үшін де күннен-күнге қызығушылығым арта түсті. Менің замандастарымның арасында шетел асып, білімін жетілдіріп келген талантты, талапты жастар жетерлік. Әркім әртүрлі еңбек жолын таңдап, болашағын бір саламен байланыстырғысы келеді. Университет бітіре сала мемлекеттік қызметке араласу – тек мансаптық өсуіңе ғана емес, өмірдегі бар қиындыққа төтеп беру, біліміңді шыңдап, білігіңді танытатын мол мүмкіндік. Сондықтан болар, бала кезден мемлекеттік қызметшіні көз алдыма елестеткенде үнемі абыройлы, салмақты, білімді, зиялы тұлғаны елестететінмін.
-Іріктеусіз қызметке қабылдау туралы қайдан білдіңіз? Қазір қай жерде жұмыс істейсіз?
-Іріктеусіз мемлекеттік қызметке қабылдау туралы департамент қызметкерлері бірнеше рет хабарласып ескерткен еді. Мен әрине, алғашқы кезде мұнай хабарламаларға сенген жоқпын. Мемлекеттік қызметке қалай тест тапсырмай кіруге болады деп ұзақ ойландым. 2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен жастарды қолдау мақсатында жаңа заң шығарғанын біліп өте қатты қуандым. Сол арада бізде бір лауазым орыны босап, Ордабасы аудандық персоналды басқару бөлімі басшысына хабарласып өтініш білдірдім. Өтінішім бойынша, құжаттарым тексеріліп, заң тармақтарына сәйкес келетіндігі анықталды. Осылайша маған конкурссыз, тест тапсырмай-ақ, мемлекеттік қызметке қабылдандым. Бұл үшін өте қатты қуандым. Бар-жоғы екі күні ішінде өтінішім қаралып, шешімін тапты. Қазір Ордабасы ауданы Қараспан ауыл округі әкімі аппаратында бас маман іс басқарушы лауазымында қызмет жасаймын. Бүгінде мемлекеттік қызметке кірудің жеңілдетілген жобалары, оңтайлы талаптары – жастар үшін жеңіл, әрі ешқандай моральдық ауыртпалықсыз өтетіні мен үшін қуатты қолдау болды, қатты қуантты. Себебі кез келген жоғары оқу орнын аяқтаған түлектің жұмысқа еш кедергісіз кіруі жас маманға айрықша мотивация, күш-жігер сыйлап, ертеңгі мақсатына үмітпен қарауына мүмкіндік береді.
-Мемлекеттік қызметте сіз үлгі тұтатын осы кісі сияқты болсам дейтін тұлғалар бар ма?
-Мемлекеттік қызметте шынымды айтсам, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Балажанов Өркен Байдилханұлын үлгі тұтамын деп айтар едім. Ол кісіден үйренеріміз көп, мемлекеттік қызметте жүрген әсіресе, жастар сол кісіге қарап бой түзейміз.
-Өңірлік жастар кадрлық резерві туралы ойыңыз қандай? Жалпы мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек?
-Өңірлік жастар кадрлық резерві жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп санаймын. Бұл шынында ел тарихында болмаған оң бастама. Жастардың бастапқы тәжірибесіз мемлекеттік қызметке тағайындалып, жұмыс істеулері жастарды мансаптық өсуге ұмтылуға, қоғамды дамытуға, барлық азамат үшін қолайлы орта құруға ықпал ете отырып, мемлекеттік салаға инновациялық тәсілдерді енгізуге ынталандырады. Сонымен қатар кадр тапшылығын азайтып, өңірлерде, ауылдық округтерде әлеуметтік маңызы бар жобалармен жұмыс істеуге және ел мен қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға ықпал етеді. Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалу – тек жас мамандарға емес, осы жаңалықты естіген жас түлектер мен болашақ мамандарға да үлкен ынта, қызығушылық тудыратынына сенімдімін. Мұны естіген студенттер оқуды үздік аяқтауға, үлгілі тәртіп көрсетуге тырысады, қатарының алды болуға ұмтылады. Мемлекет тарапынан бұл – өте ұтымды шешім, ойлы қадам. Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалған жас маман ретінде жастардың осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануын қалар едім. Мысалы, өзім мемлекеттік қызметке келу арқылы кәсіби-тұлғалық болмысымды жетілдіріп келемін. Мемлекеттік қызмет маған елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуге, өз күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді отанымыздың дамуына жұмсауға үйретуде.
-Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Раушан ҚАНЫБЕК